Ел азаматтары жаппай зейнетақы қорындағы жиған-тергенін тексеріп, кәдеге жаратуға жете ме, жоқ па деп «бас қатырып» жатыр. Ипотека қарызын өтеп, жер мен үй алып қалуды көздейді. Бірақ оған бәрінің бірдей қаражаты жетпейді. Осынау мүмкіндікті пайдаланатын адам саны 800 мыңға жетер-жетпес.
Үй бағасы өседі
Үкімет мұғалімдердің жалақысын өсірсе, ертеңіне базардағы азық-түліктің аспандап шыға келетіні секілді, зейнетақы қаржысын пайдалану жайлы жаңалық жария болғалы үй бағасы да қымбаттайды деген қауесет тарап жүре берді.
«2020 жылдың қорытындысы бойынша жаңа үйлердің бағасы 5,0 пайызға қымбаттады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда төмен (+6,4 пайыз), бірақ 2016 (– 3,6), 2017 (+1,3), 2018 (+2,6) жылдармен салыстырғанда жоғары. Екінші деңгейлі үйлердің бағасы 13,2 пайызға жетіп, 2014 жылдан бері (+17,6 пайыз) рекорд орнатты» деп жазды телеграмдағы Tengenomika каналының авторы Ғалымжан Айтқазин.
Egemenniń тілшісімен сұхбаттасқан JER.kz жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы, Қазақстан біріккен риэлторлар қауымдастығының кеңес мүшесі Орынбасар Сатаев бұл ойды қостайды.
– Бастама жылжымайтын мүлік нарығында бағаның қымбаттауына үлкен әсер етеді. Статистикаға сүйенсек, 2020 жылы 307 884 келісімшарт жасалған. Енді бұған зейнетақы төлемін пайдаланушылар қосылады. 800 мың адамның 30-40 пайызы баспана алады деген күннің өзінде сұраныс күрт артып кетпек. Осыған байланысты тұрғын үй бағасы міндетті түрде өседі, – дейді агенттік басшысы.
Баспана бойынша кеңесші Ұлан Дәулетқали біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану баспана бағасына әсер етерін, соған қарамастан бұл бастаманы қолдайтынын айтады.
– 800 мыңға жуық азаматтың ішінде үй алуға мүмкіндігі барлар – мұнайшылар, мемлекеттік қызметкерлер, жоғары басшылықтағы адамдар. Бұған дейін де жақсы табыс тауып келген азаматтардың өз аймағында онсыз да үйі болуы мүмкін. Енді олар Нұр-Сұлтан мен Алматыдан бір үй алып қоюды көздейді. Соған байланысты аталған екі қалада үй бағасы шарықтайды. Меніңше, баспана бағасы 10-30 пайыз аралығында қымбаттайды. Ал зейнетақы қорындағы қаржысы 1 миллионға жетпейтін салымшылар саны 6 миллион шамасында. Яғни азаматтардың зейнетақы қорына деген сенімсіздігі басым. Үйде отырып кәсіп істейтін, таксист болып ақша табатын азаматтар зейнетақы қорына қаржы салмайды. Егер мемлекет азаматтарды қорға ақша құю бойынша ынталандыра алатын болса, онда олар кәсіптерін заңдастыра бастайды. Сондықтан жағдай баспана құнының қымбаттауына әсер етсе де бұл бастаманы дұрыс деп санаймын, – дейді блогер.
Сарапшы Орынбасар Сатаевтың сөзінше, үй бағасының аспандап кетуіне әсер етіп отырған қате механизм бар. Біріккен риэлторлар қауымдастығының кеңес мүшесі оны былай түсіндіреді.
– Бастапқы жарнасы 10 немесе 20 пайыз болатын тиімді ипотекалық бағдарламалардың барлығы жаңа пәтерлерге бағытталған және сатушы міндетті түрде заңды тұлға болу керек. Осы механизмде қателік кеткен секілді. Аталған ережелерді құрылыс компаниялары өз ыңғайына пайдаланып, бағаны өсіріп жіберді. Өйткені менен алмасаң кімнен аласың дейді. Ал тұрғындардың қаражаты немесе айлық кірісі жетпегендіктен 1-2 бөлмелі, ауданы шағын пәтерлерді алып жатыр, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, осыған байланысты екінші нарықтағы тұрғын үйдің бағасы сәл көтерілді. Алайда сатылым өте баяу жүруде. «Ипотека жақсы беріліп жатқандықтан екінші нарықта да баға биылдыққа түсе қоймайды», деді О.Сатаев.
1,4 трлн теңге түгелімен нарыққа келмейді
Ivitrina.kz жылжымайтын мүлік агенттігі бірінші нарықтағы тұрғын үйді сату бөлімінің басшысы Ораз Исин баға соншалықты қатты көтерілмейді деді.
– Сол 800 мың адамның 90 пайызында үй сатып ала қоятындай жинақ жоқ. Көбінің несие тарихы, айлық табысы мүмкіндік бермейді. Аз-маз қаражаты барлар ипотекалық несие рәсімдеп, ипотекалық займдар саны өсе түсетін сияқты. Өйткені адамдардың көбі ипотека рәсімдеп, оның жартысын жинақтағы ақшасы арқылы өтеуді қалайды. Үй бағасы өседі. Бірақ қаншалықты қарқынды өсетінін нақты айта алмаймын. Екінші деңгейлі үйлер әркез бірінші нарықтағы үйлермен ілесе қымбаттайды. Құрылыс материалдарының 50 пайызы шетелден әкелінеді. Сауда доллармен жасалады. Соған сай құрылыстың өзіндік құны да жоғарылайды. Бұл өз кезегінде бірінші нарықтағы үйлер бағасының қымбаттауына әсер етеді. Сонымен қатар екінші нарықтағы 1 және 2 бөлмелі үйлердің де бағасы көтеріледі, – дейді Ораз Исин.
Баспана кеңесшісі Ұлан Дәулетқалидің айтуынша, мемлекет ұсынып отырған мүмкіндікті азаматтар мейлінше тиімді пайдаланғаны жөн.
– Үй бағасы соңғы үш жылда ұдайы қымбаттап келе жатыр. Ол БЖЗҚ-дан қаражат алуға қарап тұрған жоқ. Яғни себепті бұл бастамадан іздеуге болмайды. Қайта осы мүмкіндікті пайдаланып, үй алып қалудың, ипотекалық займды өтеп қалудың жолын іздеу керек, – дейді сарапшы.
Krisha.kz сарапшыларының жазуынша, қазақстандықтардың қордағы ақшасы бәрібір аз. 5 млн теңгеден асатын сомасы бар азаматтар саны 2,23 пайыз шамасында. Үй іші қаржысын түгел қосқанда алғашқы жарна сомасына да толтыра алмауы мүмкін.
Жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов 800 мыңға жуық азаматтың жабылып жүріп алатын ақшасы – 1,4 трлн теңге. Бұл нарық үшін елеулі қаржы.
– 2019 жылы тұрғын үй нарығындағы келісімдер құны 5,5 трлн теңгені құрады. 1,4 трлн – жылдық сұраныстың 25 пайызы. Алайда бұл ақшаның бәрі нарыққа келмейді. Өйткені біршама бөлігі басқа мақсатқа жұмсалады. Оны да ескеру керек, – дейді Е.Мүсірепов.
Баға қашан тұрақталады?
Экономист Айдархан Құсайынов БЖЗҚ қаржысын кәдеге жаратудың соңы экономикалық қиындыққа ұшыратуы мүмкін деген пікірде.
– Бұл біздің экономикаға жағымсыз әсер береді. Жылжымайтын мүлікке деген жаңа сұраныстың пайда болуы бағаны көтеріп жіберді. Кімде көп ақша бар, олардың бұрыннан үйі бар. Ал халықтың басым бөлігінде көп қаржы жоқ. Әрең күн көріп жүр. Егер сіздің жасыңызға сәйкес жеткілікті мөлшер 4 млн теңге болса, сіздің жинағыңызда 4 миллионнан асатын ақша болса, онда сіз 800 мың адамның қатарына кіресіз. Нақты үй сатып алуға ниеттенетін адам 50-60 мың шамасында ғана деп ойлаймын. Қалғандарының мүмкіндігі оған жетпейді, – дейді экономист.
Сәл бұрынырақ осы мазмұндас пікірді қаржыгер Расул Рысмамбетов те айтқан еді.
– БЖЗҚ қаржыны таратумен емес, оны кәсіби түрде инвестициялаумен айналысуы керек. Мойындау керек, ақшаны бұған дейін де ала бастаған. Жұмыс істемей жатқан ақшаны алу мүмкін дұрыс та шығар деген аргументацияны пайдаландым. Бірақ бұл жағдайда ел үшін жалғыз дұрыс таңдау бар – квазимемлекеттік сектор мен банктерді асырағанша, БЖЗҚ-да ақшаны ұстау және оны дұрыс басқару керек. БЖЗҚ басқарушылары қазіргі экономикалық жүйеде теңгемен көрсетілген кез келген инвестицияның құнсыздануға ұшырайтынын түсінуі керек, – деп жазады қаржыгер Фейсбуктегі парақшасында.
БЖЗҚ қаржысын тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсаудың экономика үшін нәтижесі қалай боларын алдағы бірер жыл анықтап берер. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қ.Тоқаев үй бағасын қымбаттатпауды тапсырған еді. Бұл да өз кезегінде нарықтағы бағаны долларға байлап, әрбір бағдарлама жарық көрген сайын пайда көруді көксейтін компанияларға берілген сигнал іспетті. Бағаның қымбаттауы 800 мың адам тізіміне кіре алмайтын, бірақ жылдар бойы тірнектеп жиған қаржысына биыл баспана алсам деген жандарға соққы болып тиіп кетсе, нағыз қиындық сонда тумақ.
JER.kz жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы алғашқы жартыжылдықта баспана бағасы сөзсіз шарықтайды дейді. Оның бір емес, бірнеше себебі де бар.
– Бағаның шарықтауы заңды құбылыс. Ең бірінші саяси тұрақтылық, ұлттық валютаның әлсіреуі, тиімді ипотекалық бағдарламалар, зейнетақы төлемін пайдалану, жаңа тұрғын үй құрылыстарының тапшылығы және өте баяу салынуы, пандемияға байланысты жұмыс күшінің тапшылығы мен қымбаттауы, құрылыс материалдарының қымбаттауы, тұрғын үй құрылыс рұқсат құжаттарының рәсімделу процесінің өте ұзақтығы секілді себептер бағаны шарықтатады, – дейді О.Сатаев.
Айтуынша, ахуал екінші жартыжылдықта тұрақталмақ. Нарықта құрылыс компаниялары санының көбеюі баспана ұсыныстарын да арттыра түседі. Бұл өз кезегінде бағаның тұрақталуына оң ықпалын тигізеді, деді сарапшы.
Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.egemen.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на egemen.kz: https://egemen.kz/article/263710-zeynetaqy-qardgysy-ony-paydalanu-baspana-baghasyn-qymbattata-ma
© egemen.kz